Халықтан шыққан дана ақын

Жақында Көкшетау қаласында  жыр алыбы Ж.Жабаевтың 175 жылдығын мерекелеу аясында «Халықтан шыққан дана ақын» республикалық мәнерлеп оқу байқауы  өтті. Бұл  республикалық интернет байқау Ж.Жабаевтың шығармашылығын насихаттау мақсатында  Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Қалалық ақпараттық-кітапханалық жүйе» мемлекеттік коммуналдық мекемесі, Орталық қалалық балалар мен жасөспірімдер модельді кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен өткізілді. Байқауға республикамыздың түкпір-түкпірінен Семей, Ақтау  қалаларынан үміткерлер қатысып, бақтарын сынасты. Бұл байқауға Ш.Уәлиханов атындағы КУ жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің 3 –курс студенті Жеңісова Меруерт қатысты. Меруерт дана ақынның «Қайта келген жастық» атты өлеңін нақышына келтіріп мәнерлеп оқып, Бас жүлдені жеңіп алды.
  Жүзден жүйрік атанған шәкіртімізді жеңісімен құттықтай отырып,  поэзия әлемінің әсемдігі мен өміршеңдігін тану және таныту жолындағы қанатың талмасын дей отырып, биік шыңдардан көріне беруіне тілектеспіз.
 Жастарға рухани, патриоттық тәрбие беруде , көркем сөзге деген қызығушылықтарын қалыптастыруға бағытталған осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз.