Халықаралық конференция

Сәуір айының 22-і күні Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің педагогикалық ұжымы «Қазақ тілін дамытудың алғышарттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференциясын ұйымдастырып өткізді. Колледж бен университет облыстық қазақ тілін дамыту орталығымен, «Қоғамдық келісім» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі қазақ диаспорасымен мектеп оқушыларының, кәсіптік білім беру оқу орындары студенттерінің қазақ тілін дамыту, сол арқылы рухани бірлік пен байланысты нығайту мақсатында ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осы мақсаттың орындалу барысының алғышарттарының бірі болып табылатын бұл конференцияға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-мәдени даму бойынша проректоры Байтук Ғалым Симбекұлы, Ақмола облысы білім басқармасының «Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің» ТжККБ бөлімінің әдіскері Жұмажанова Сәуле Болатқызы, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы «Тілдерді дамыту және ономастика» бөлімінің басшысы Талпақова Айгүл Дүзелбайқызы, Ресей Федерациясы, Челябинск қ. «Азамат» қоғамдық қорының басшысы Сейтиков Қанат Хакімұлы, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Төлекеев Қаратай Байкенұлы, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұғыманов Ермек Бекенұлы қатысып, қазақ тілін үйретудегі мәселелер мен мүмкіндіктер туралы өз ойларымен бөлісті.
Бүгінгі күніқазақтілін насихаттау үшін іргелес Ресей елінің Омбы, Челябі т.б.өңірлерінде тұратын, жүрегі «қазақ» деп соққан қандастарымызбен онлайн форматта кездесу, пікірлесу әр қатысушының жүрегін толқытты. Ресей Федерациясы, Омбы қаласының «Алмаш» музыкалық колледжінің көркемдік жетекшісі Мусайбекова Алма Дюсембаевна өзінің шәкірттерінің өнерлерімен бөлісіп, қазақ тілін дамытудағы қиыншылықтар мен кедергілерге тоқтала кетіп, тілді үйрену  отбасынан басталатынын айтып, түйіндеп өтті. Ал,  Омбы қаласы, «Алмаш» музыкалық колледжінің көркемдік жетекшісі Мусайбекова Алма Дүйсенбайқызының шәкірті Абай әнін шырқағанда қандастарымыздың ана тіліне деген сүйіспеншіліктері мен құрметінің куәсі болдық десек артық айтқандық емес.
Конференция жұмысына қатысқан Ресей Федерациясының Омбы, Челябі өңірлеріндегі қазақ тілін дамыту орталықтарының мамандары, Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының арнайы бөлімдерінің қызметкерлері, Ақмола облысы білім басқармасының өкілдері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректоратының өкілдері және Көпсалалы колледждің әкімшілігі қазақ тілін дамытудың мәселелерін қарастырып, өзара талқылай отырып,  ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.  Атап айтатын болсақ, қашықтан оқыту құралдарын қолдана отырып, қазақ тілін үйрету мақсатында бейнесабақтар топтамасын әзірлеу, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының мамандарымен бірлесе отырып, on-line тіл үйрету курстарын, халықаралық қазақ тілін үйрену лагерьлерін ұйымдастыру  және өткізу т.б. бірқатар қомақты шаралар ұсынылды.
Ағымдағы оқу жылында Ресей Федерациясының Челябинск қаласындағы «Азамат» қоғамдық қорымен қазақ тілін дамыту, тіл бағытында ұйымдастырылатын іс-шараларға қолдау көрсету мақсатында жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Абай тағылымын негізге ала отырып  «Абай тағылымы» атты халықаралық тәуелсіз байқауы өтетіндігі жарияланған болатын. Конференцияның 2-кезеңінде осы байқаудың нәтижесі жарияланып, байқауға келіп түскен 50-ден астам өтінімнің арасында жеңімпаздар анықталып, марапатталды.
Конференция ынтымақтастық меморандумы аясында өткізілетін іс-шаралардың өз нәтижесін беретініне, алдағы уақытта белгіленген іс-шаралардың жалғасын табатынына деген сеніммен аяқталды.