1 ақпан күні Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларының ұйымдастыруымен республикаға танымал жаңашыл педагог, еңбек ардагері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Қазақ тілінің жанашыры» Құрмет белгісінің, Құрмет орденінің иегері, «Жыл адамы – 2000» атағының иесі Мурзагельдинова Ольга Иосифовнамен Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасында кездесу өткізілді. Ардагер ұстазбен кездесуге колледждің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ҚБ 923, ҚБ 922, ҚБ 921 топ студенттері қатысты. Студенттер Ольга Иосифовнаға арнау өлеңдерін оқып, қошемет білдірді. Ғұмырының 50 жылын бала оқытуға арнаған Ольга Иосифовна соның ішіндегі 40 жылын өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуге бағыттаған екен. «Жақсымен өткен бір күнің ғажайып бір түспен тең» демекші, болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының ұлағаты мен тағылымы көп ұстаздан алар ғибраты мол. Кездесу барысында ардагер ұстаз шығармашылық, ұстаздық ғұмыр жолынан естеліктерімен, Красный Яр ауылының №1 мектебінде, Айыртау ауданының Ақан орта мектебінде қызмет атқарған жылдары жеткен жетістіктері мен қызықты сәттерімен бөлісті. Студенттер толғандырған сұрақтарына тұшымды жауап алды, ардагер педагогтің көпжылғы еңбегінің нәтижесі болған оқулықтары мен ғылыми-әдістемелік мақалаларынан, фотосуреттерден тұратын шығармашылық көрмесімен танысты.
Кездесу кешінің соңында сұхбатты жүргізген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-шебер Искендерова Көгершін Жолдыбайқызы «Әрбір бала – жарқыраған шамшырақ, оны жаға білген ұстаз ғана ұтады» деген ұтымды айтылған нақыл сөзбен ойын аяқтап, жарқыраған шамшырақты дер кезінде байқап, дер кезінде жаға білу – ұстаздың басты парызы дей келе, Ольга Иосифовнаға осы жолда аянбай еңбек етіп, бүгінгі жастарға үлгі бола білгені үшін құрмет білдіріп, алдағы шығармашылық ғұмырына табыс тіледі.