Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған
«Қазақ поэзиясының Хан Тәңірі» атты руханият кеші
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінде қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушыларының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны, аудармашы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқағали Мақатевтың 90 жылдығына арналған «Қазақ поэзиясының Хан Тәңірі» атты руханият кеші өтті.
Кеште ақынның өмірбаяны жайлы бейнесюжеттер, ақынның шығармашылығы мен өміріне арналған көрме ұйымдастырылды. Поэзия «мұзбалағы» Мұқағали ақын 45 жылдық ғұмырында 2000-нан астам өлең-жыр, 16 поэма жазып, проза, аударма, драматургия салаларына үлес қосқан.
М.Мақатаевтың ақын ретіндегі басты тақырыбы – өлең өнері. Ақын өлеңнің құндылығын әйел, ана тақырыбындағы туындылары көрсетеді. Шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқаннан сәбиді жылы құшағына алып, әлдиін жырлайтын – жан ана. Бала үшін ең бақытты сәт анасының жұмсақ алақанында жатқаны болса, ананың шаттыққа толы сәті, сәбиінің кіршіксіз шат күлкісі, ана тіршілік бастауы болғандықтан, ана туралы «Шеше, сен бақыттысың», «Анама», «Анашым, «Сәби – ана» атты өлеңдері дүниеге келді.
Ақындардың көмейінен жыр ақса,
Кейбіреулер жыр бәйгеде жүр ақсап.
Бақыт деген – асыл болса, бір мысқал,
Бақыт деген – уақыт болса, бір-ақ сәт.
«Бақытты құрайтын махаббат па әлде махаббатты құрайтын бақыт па» деген түйіні тереңде жатқан сауалды ақын өзінше тұжырымдайды.
Өлең – өнер, өлең – дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана өмірге әкеледі. Ақын әкелген әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатады. Оның әндері – таңғы шықтай мөлдір, сырлы әуенді. Тыңдап жүрген жанымызға жақын әндердің көбінің сөзін М.Мақатаев ақын жазғанын біле де бермейміз. Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезгендей.
Қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Сүйемін, өскен Отаным», «Отаным», «Туған жерім», «Қыстың күні», «Көктем», «Күзгі таң», «Түнгі табиғат», «Махаббат диалогы», «Сен әлі тірі ме едің», «Ғашықпын», «Сезім» өлеңдерін мәнерлеп оқыған студенттер тыңдаушы қауымының жүректерін тебірентсе, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрсетілген драмалық қойылым айрықша әсерге бөледі.
Кеште ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні, оның өміршеңдігінің сыры, ақынның жан дүниесіндегі толқыныстар әр оқылған өлеңдерінен аңғарылып, шығармаларының сюжеттік желісі бойынша сахналанған қойылымдар кешке қатысқан көрермен көңілінен шықты.
Әр адам М.Мақатаевтың ғұмырлы поэзиясы, бүгінгі әнге айналып, көкке қалықтаған оның өлеңдерінің сөзіне жазылған әндер бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен орын алса, ұрпаққа ұран болған жырлары елінің есінен шықпайтыны анық. Кешті тамашалаған студенттер де, оқытушылар қауымы да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.