2021 жылдың 28 мамырында Ш. Уәлиханов ат. КУ жанындағы көпсалалы колледжі оқытушылары У.О Муратбекова мен А.Б. Шарипованың ұйымдастыруымен кітапханада «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай іс-шара өткізілді.
Атаулы күн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері атап өтілуде. Бір ғана Қазақстанның өзінде 1937-1938 жылдар аралығында 103 мыңнан астам адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Лагерлерде қазақ мәдениеті мен ғылымына, ағарту саласына еңбегі сінген зиялы қауым өкілдері азап шекті.
Іс-шара барысында студенттерге атаулы тарихи күннің мән-мазмұны түсіндіріліп, бейнефильм көрсетілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмір жолдарын зерделей келе өткен тарихымыздан тағылым ала отырып, бүгінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге, оларды Отанын сүюге, елінің , жерінің адал патриоттары болуға баулуға, олардың санасына тарихи шындықты жеткізуге назар аударылды. Сондай-ақ студенттер кітапхана төрінде тақырыпқа сай ұйымдастырылған көрмемен танысты.