«Тәулсіздік бастауы-Желтоқсан»-ашық диалог алаңы

2023 жылдың 14 желтоқсанында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледждің ұйымдастыруымен өткізілген «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан» – ашық диалог алаңы атты іс-шараны тарих пәнінің оқытушысы Омар Ғабділмәжит Елемесұлы жүргізіп, кездесуге Ш.Уәлиханов атындағы Көкщетау университеті ректорының кеңесшісі,тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сейітқасымов Аманай Асылбайұлы және Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының куәгері,университет оқытушысы Сүгірәлі Дәуіт Тоғайұлы қатысты. Кездесуді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Жамбылов кіріспе сөзбен ашты.
Іс-шараның басты мақсаты студент жастардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарастарын қалыптастыру, Отанын сүйетін, егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш – қуаты мол жастарды тәрбиелеу, Желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым болатын. Арнайы дайындалған бейнежазба көрсетіліп, Тәуелсіздік жолында өз тағдырларын құрбан еткен боздақтарымыз бен күні кешеге дейін арамызда болған желтоқсандықтар бір минут еске алынды.«Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға «алаш» деген атты аламын» – деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді. Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?
Ғалым-тарихшы Аманай Асылбайұлы жастар алдында өткен кезеңнің дамуына, оқиғаның тарихи маңыздылығына тоқталса, Дәуіт Тоғайұлының естелік әңгімесіндегі желтоқсан тарихының ащы сыры студенттерді бей-жай қалдырмады. Кездесу барысында студенттер тарапынан сұрақтар қойылып,пікір алмасылды,танымдық маңызы бар ақындар өлеңінен әзірленген әдеби қойылым көрсетілді. Жастардың бойынан Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін ұрпақ екендерін сезінгендей сезімде болдық!